НАУҚАСТАРДЫҢ УАҚЫТЫ ТИІМДІ ӨТУДЕ
Облыстық психикалық денсаулық орталығы екі стационардан жасақталған. Оның ішінде накрологиялық стационарда маскүнемділік пен есірткіге тәуелді науқастар ем алып, дәрігерлердің бақылауында болады. Мұнда ем бір айдан жарты жылға дейін уақытқа созылады. Сол себепті мамандар медикаментозды ем-домнан бөлек, зиянды әдетке тәуелді азаматтарды қайта тәрбиелеу бағытында да нәтижелі жұмыс жасайды.
Ақмарал Қалмырзаева орталыққа қарасты наркологиялық стационардың педагог-тәрбиешісі. Білікті маманның бұл бағытта тәжірибесі де өте зор. Тәрбиеші ең бірінші кезекте науқастардың бос уақытын тиімді үйлестіруге міндетті. Ақмарал Сағынбайқызы кітапхана қорын жасақтап, түрлі мәдени және спорттық шараларды ұйымдастыруға атсалысады. Нәтижесінде ем алушылардың ойы бөлініп, салауатты өмір салтын ұстануға машықтануда.
«Орталықта ем алушылар үшін барлық жағдайлар жасалған. Шеберханамыз бар, 1000-ға жуық қоры бар кітапханамыз үздіксіз қызмет көрсетеді. Түрлі поэзиялық кештерді ұйымдастырамыз. Науқастар спорттық сайыстарға үлкен қызығушылықпен қатысады. Ол үшін стационар ауласында заман талабына сай спорттық алаңымыз бар, қажетті спорттық құрал-жабдықтардың барлығы қолжетімді», - дейді Ақмарал Қалмырзаева.
Бүгінгі күні ем алушылардың уақытын тиімді өткізу үшін қажет қосыша нысандардың құрылысын жүргізу мәселесі қарастырылуда.