ДӘРІГЕР НАУҚАСТЫҢ ЖАНЫН ТҮСІНЕ БІЛУІ ҚАЖЕТ
Бұл облыстық психикалық денсаулық орталығының білікті дәрігері Темірхан Көрегеновтың өмірлік ұстанымы. Бүгінде ақ халатты абзал жан емдеу мекемесіне қарасты №3 «Невроз» бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Дәрігер ең бірінші кезекте науқастың дертінен сауығып, қалыпты өмірге оралуына жағдай жасайды.
Темірхан Исаханұлы 1967 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданы Н.Бекежанов атындағы ауылда дүниеге келген. 1992 жылы Алматы мемлекеттік медициналық университетін тәмамдаған. Алғаш еңбек жолын облыстық аурухананың жансақтау бөлімінде дәрігер-интерн болып бастаған. Кейін Қызылорда облыстық психоневрологиялық ауруханасына ауысып, сол уақыттан бері жүйке жүйесі дертіне шалдыққан науқастарға ем көрсетіп келеді.
Темірхан Көрегенов медицина саласында 30 жылға жуық еңбек өтілі бар білікті маман. Ақ халатты абзал жан дәрігер мамандығын таңдауға әкесі тікелей себепкер болғанын айтады. Әкесі көп жыл ауылда фельдшер қызметін атқарып, баласын ертеден осы мамандыққан баулыған екен. Кейін Темірхан Исаханов та осы жолды жалғап, терең психокоррекциялық білімінің арқасында бүгінде халықтың риясыз алғысына бөленіп жүр.
Білікті дәрігердің осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері аз емес. Оның ішінде «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі қашанда Темірхан Исаханұлына жүктелген жауапкершіліктің салмағын бағамдап тұрмақ.