ҚАУІПТІ КЕСЕЛДЕРДІ АЛДЫН-АЛУ МАҢЫЗДЫ
Бүгін облыстық психикалық денсаулық орталығында "Оба мен тырысқақ: қауіпті кеселдерді алдын-алу" тақырыбында орта буын қызметкерлерінің қатысуымен семинар ұйымдастырылды. Шараны Қызылорда обаға қарсы станциясының дәрігер-бактериологы Еркін Барысов жүргізді. Білікті маман адам денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін аурулардың алдын-алу мен оларды емдеу бағытында дәріс оқыды.
Көктем мезгілінде көптеген қауіпті кеселдердің эпидемиологиялық жағдайы күрделене түсетіндігі белгілі. Қазіргі күні өңірімізде оба мен тырысқақ ауруына қатысты ахуал тұрақты. Соған қарамастан, сақтық шараларына селсоқ қарауға болмайды. Семинар барысында дәрігер-бактериолог аталмыш дерттердің қалай жұғатындығы жөнінде толық мағлұмат берді. Оба ауруының негізгі тасымалдағышы жәндіктер мен жануарлар екені белгілі. Клиникалық белгілері жоғары температура, әдлсіздік пен бас ауруы. Осындай симптомдары бар науқастарды емдеуде орта буын қызметкерлерінің біліктілігі айрықша рөл атқарады.
Әрбір маман қолды залалсыздандыру тәртібін білуі тиіс. Сондай-ақ көп реттік пайдаланылатын қорғаныш киімдерін тәртіпке сай кие білгені дұрыс. Семинар аясында, Еркін Барысов оба мен тырысқақ ауруларының белгілері байқалған науқаспен жұмыс жасаудың алгоритміне егжей-тегжейлі тоқталды. Сондай-ақ, алғашқы медициналық көмектің қалай көрсетілетіндігі жөніндегі нұсқаулықпен таныстырды.