МЕЙІРІМДІЛІКТІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН МАМАНДЫҚ
Облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатрия саласы бойынша аға мейірбике Анар Жүнісқұлова өз ісінің білгір маманы. Білімі мен біліктілігі бір арнаға ұштасқан қызметкер өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Аталмыш лауазымға жақында тағайындалса да, Анар Төлебайқызы өзінің кәсибі деңгейін көрсете білді.
Анар Жүнісқұлова тәжірибесі мол маман. Қызылорда медициналық колледжінің түлегі. Алғаш еңбек жолын 2009 жылы облыстық психикалық денсаулық орталығы диспансер бөлімінің мейірбикесі ретінде бастаған. Кейін №4 "Әйелдер" бьөліміне аға мейірбике болып қызметі жоғарылаған. Бүгінде психиатрия саласы бойынша аға мейірбике болып еңбек етеді. Анар Төлебайқызына үлкен жауапкершілік жүктелген. Ол орта және кіші буын қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастырып, оң нәтиже жолында аянбай тер төгеді.
"Мейірбике - аурухананың жүрегі десек болады. Науқастың дертінен жазылып кетуі медициналық кызметтің сапасына байланысты. Мен дәрігердің берген нұсқамаларының уақытында орындалуын қадағалаймын. Сондай-ақ, орталықтың тазалығына да көп көңіл бөлемін. Біздің мамандық мейірімділікті қажет етеді. Көбіне ем алушыларға жылы қабақ танытып, жылы сөз айтуға тырысамыз. Кейбір кезде жылы сөз дәріден де керемет әсер етеді.", - дейді аға мейірбике.