ДӘРІГЕРГЕ ҚАТЕЛЕСУГЕ БОЛМАЙДЫ
Бұл облыстық психикалық денсаулық орталығы психиатрия саласы бойынша №1 бөлімше меңгерушісі Асылзада Алиеваның өмірлік ұстанымы. Білікті дәрігер медицина саласында қырық жылға жуық уақыт еңбек етіп келеді. Ақ халатты абзал жан жүйке жүйесі ауруына шалдыққан науқастарды емдеп, азаматтардың қалыпты өмір сүруіңе жағдай жасайды.
Асылзада Сүлейменқызы - білікті клиницист. Дәрігер Алматы мемлекеттік медициналық институтының түлегі. 1986 жылдан бастап облыстық психикалық денсаулық орталығында жұмыс жасап келеді. Алғашында дәрігер-психиатр болып орналасса, кейін бөлім меңгерушісі болып тағайындалған. Осы уақыттан бері өзін білімді маман, білікті дәрігер ретінде танытып келеді.
Асылзада Алиева шұғыл жағдайда сапалы медициналық көмекті көрсете алады. Науқастарды жаңа тәсілдермен емдеуге дағдыланған. Оның ішінде психофармокологиялық әдісін кеңінен пайдаланады. Дәрігер біліктілігін арттырып, білімін толықтыруға ұдайы көңіл бөліп отырады. Соның арқасында емдеу процесі жақсы нәтиже беруде.
"Бүгінгі қоғам дәрігерлерге үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Бізге қателесуге болмайды. Өйткені біз бір адамның таңдырына жауаптымыз. Бізге азаматтар денсаулығы мен өмірін сеніп тапсырады. Осы сенім үдесінен шығу - басты мақсаты", - дейді дәрігер.